«Жезқазған қаласының тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы,жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары бөлімі» ММ
Мемлекеттік мекемесінің ресми сайты
Главная Заңы Автомобиль көлiгi туралы
Опубликовано: 28 марта 2010
Автомобиль көлiгi туралы
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі N 476 Заңы
 
Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы, 2003 жыл., N 15, 134-құжат.

 
МАЗМҰНЫ
      Осы Заң автомобиль көлiгi саласында тасымалдаушылар, жолаушылар, жүк жөнелтушiлер, жүк алушылар, басқа да жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қатынастарды реттейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) автобус - жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден аса отыратын орны бар, жолаушылар мен багаж тасымалына арналған автокөлiк құралы;
      2) автовокзал - жолаушылар легi тәулiгiне бес жүзден астам адам болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргiзушiлерiне қызмет етуге арналған және оған: жетпiс бестен астам адам сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделi ғимарат, жүргiзушiлердi медициналық куәландыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерi, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, автобустарды қарау посттары, диспетчерлiк пункттер және ана мен бала бөлмесi кiретiн құрылыстар кешенi;
      3) автокөлiк құралдарын техникалық пайдалану - автокөлiк құралдарын қауiпсiз пайдалануды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар, техникалық әсер ету (диагностикалау, техникалық қызмет ету, жөндеу) кешенi;
      4) автомобиль көлiгi - негiзгi қызмет аясы автокөлiк құралдары мен инфрақұрылымды пайдалана отырып, жолаушылар, багаж, жүктер мен почта тасымалын ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылатын экономика саласы;
      5) автомобиль көлiгi инфрақұрылымы - тасымалдың үздiксiз процесiн, сондай-ақ автокөлiк құралдарының қауiпсiз пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар кешенi (автовокзалдар, автостанциялар, жүк терминалдары, автокөлiк құралдарына техникалық қызмет ету және оларды жөндеу станциялары (шеберханалары), автокөлiк құралдары сақталатын құрылыстар);
      6) автомобиль көлiгi құралы (бұдан әрi - автокөлiк құралы) - автобустар, шағын автобустар, жеңiл және жүк автомобильдерi, автомобиль тiркемелерi, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер, сондай-ақ арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған) және арнаулы автомобильдер (әртүрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын) кiретiн автомобиль көлiгi жылжымалы құрамының бiрлiгi;
      7) автомобильмен тасымалдау - автомобиль жолдары арқылы автокөлiк құралдарымен жүзеге асырылатын жолаушылар, багаж, жүктер немесе почта тасымалы;
      8) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрi - тасымалдаушы) - меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiздерде автомобиль көлiгi құралдарына иелiк етушi, жолаушыларды, багажды, жүктердi немесе почтаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететiн және соған белгіленген нысанда берілген лицензиясы немесе тиісті рұқсаты бар заңды немесе жеке тұлға;
      9) автостанция - жолаушылар легі тәулігіне бес жүз адамнан аз болатын, жолаушыларға және автобустардың жүргізушілеріне қызмет етуге арналған және оған: жетпіс бес адамға дейін сиятын күту залы және билет кассалары бар күрделі ғимарат, сақтау камералары, жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған перрон, автобустар тұратын алаң, диспетчерлік пункттер кіретін құрылыстар кешені;
      10) багаж - Жолаушылар мен багаж тасымалы ережелерінде белгіленген нормалар шегінде, буылып-түйілген және автобустың, шағын автобустың багаж бөлімшесінде немесе автобусқа, шағын автобусқа ілесіп жүретін багаж автомобилінде, сондай-ақ тасымалдаушымен қосымша келісім негізінде таксимен тасымалданатын жолаушы мүлкі;
      11) жеңіл автомобиль - жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдауға арналған және жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны сегізден аспайтын автокөлік құралы;
      12) жолаушы - автомобильмен тасымалдауға жасалған шарт негізінде немесе өзге де заңды негізде тасымалдаушы көрсететін қызметтерді пайдаланатын жеке тұлға;
      13) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды, шағын шағын автобустарды пайдалана отырып, аралық пункттерде жолаушылар отырғызбай, бастапқы және соңғы пункттер арасында жүзеге асыратын, біржолғы (тұрақты емес) сипаттағы тасымалдар;
      14) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау - тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды пайдалана отырып, алдын ала келісілген жол жүру маршруттары, бастапқы және соңғы пункттері, жолаушылар отырғызу және түсіру пункттері белгіленген қозғалыс кестелері бойынша жүзеге асыратын тасымалдар;
      15) жолдама парақ - автокөлік құралының жұмысын есепке алуға арналған, тасымалдаушы автокөлік құралының жүргізушісіне беретін құжат;
      16) жүк алушы - жүкті автомобильмен тасымалдау шарты негізінде немесе өзге де заңды негіздерде жүк алуға уәкілетті жеке немесе заңды тұлға;
      17) жүк жөнелтуші - оның атынан жүк жөнелту ресімделетін жеке немесе заңды тұлға;
      18) жүктер - Автомобиль көлігімен жүк тасымалдау ережелерімен белгіленген талаптарға сәйкес тасымалдауға қабылданған мүлік;
      19) қалааралық облысаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар екi немесе бiрнеше облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
      20) қалааралық облысiшiлiк автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар бiр облыс шегiнде қалалар немесе өзге де елдi мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
      21) қалалық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушы қаланың белгiленген шекаралары шегiнде жүзеге асыратын тасымалдар;
      22) қала маңындағы автомобильмен тасымалдау - қалалық тасымалдауға жатпайтын және тасымалдаушылар қаланың немесе өзге де елдi мекеннiң белгiленген шекарасынан бастап өлшенетiн қашықтығы елу шақырымға дейiнгi маршруттарда жүзеге асыратын тасымалдар;
      23) қол жүгi - салмақ және көлем өлшемдерi Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сәйкес келетiн, жолаушының автобус, шағын автобус немесе такси салонында тасымалдайтын жеке заттары;
      24) автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік бақылау (бұдан әрі - көліктік бақылау) - уәкілетті органның өз құзыреті шегінде автомобиль көлігі саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының талаптарын жеке және заңды тұлғалардың сақтауын қамтамасыз етуге бағытталған қызметі;
      25) такси - Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және бағалық тасымалдау ережелерiне сәйкес жабдықталған, жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауға арналған жеңiл автомобиль;
      26) алып тасталды - 2009.07.17. N 188-IV Заңымен;
      27) уәкiлеттi орган - көлiк саласында мемлекеттiк саясатты iске асыруды, Қазақстан Республикасының көлiк кешенi қызметiн үйлестiрудi және реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
      28) халықаралық автомобильмен тасымалдау - тасымалдаушылар әр түрлi мемлекеттер аумағында орналасқан мекендер арасында жүзеге асыратын тасымалдар;
      29) шағын автобус - жасаушы завод жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын етiп көздеген, ерекше шағын сыныптағы автобус.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209, өзгерту енгізілді - 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
      2-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль
              көлiгi туралы заңдары
      Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
      3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес автомобиль көлiгi саласындағы қызметтi жүзеге асыратын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
      Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы заңнамалық актіде астанада жолаушылар мен багажды тасымалдаудың ерекшеліктері белгіленуі мүмкін.
      Ескерту. 3-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан  Республикасының 2007.07.21. N 297 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      4-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы қызметтi
              жүзеге асырудың негiзгi принциптерi
      Автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтер мынадай негiзгi принциптер негiзiнде жүзеге асырылады:
      1) адамдар қауiпсiздiгiнiң, олардың өмiрi мен денсаулығын сақтаудың, табиғатты және мәдени құндылықтарды қорғаудың басымдығы;
      2) автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтердi жүзеге асыру кезiнде жеке және заңды тұлғалар құқықтарының теңдiгi;
      3) тұтынушының автомобиль көлiгi саласында көрсетiлетiн қызметтердi таңдау еркiндiгiн, соның iшiнде тасымалдаушының меншiктi автокөлiк құралдары мен көрсетiлетiн қызметтерiн пайдалану арасындағы таңдау еркiндiгiн қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстарға және көрсетiлетiн қызметтерге баға еркiндiгiн қамтамасыз ету.
      5-бап. Автомобиль көлiгiн жұмылдыру дайындығын
              қамтамасыз ету және оны төтенше жағдайларды
              жоюға тарту
      Автомобиль көлiгiн жұмылдыру дайындығын, азаматтық қорғаныс және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша iс-шараларды қамтамасыз етуге байланысты қатынастар Қазақстан Республикасының арнайы заң актiлерiмен реттеледi.
      Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен материалдық шығындар мен залалды кейiннен өтей отырып, өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға байланысты жұмыстарды орындауға тартуға құқылы.
      6-бап. Автомобиль көлiгiндегi экологиялық,
              санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiк
              және өрт қауiпсiздiгi
      Автомобиль көлiгiндегi экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiк және өрт қауiпсiздiгi Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен регламенттеледi.
      7-бап. Тасымалдаушыларға және автокөлiк құралдарына
              тасымал қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бөлiгiнде
              қойылатын талаптар
      1. Жолаушылар, багаж және жүк тасымалына:
      1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес бiлiктiлiгiн және кәсiби жарамдылығын растайтын құжаттары;
      2) тасымалдың тиiстi түрiн жүзеге асыруға жарамды және техникалық регламенттердiң талаптарына сай келетiн автокөлiк құралдары бар тасымалдаушылар жiберiледi.
      2. Автобустармен, шағын автобустармен жолаушылар тасымалдауға кем дегенде жиырма бiр жастағы, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi бар жүргiзушiлер жiберiледi.
      3. Автобустарда багаж қоятын бөлiмшеден тыс орында жүк, оның iшiнде багаж тасымалдауға тыйым салынады.
      4. Таксимен тасымалдауды жүзеге асыруға кемiнде төрт есiгi бар, сериялы шығарылатын жеңiл автомобильдердi пайдалануға жол берiледi.
      Арнаулы, соның iшiнде толығынан қолмен басқарылатын, сондай-ақ рулi оң жақтан басқарылатын автокөлiк құралдарын такси тасымалдары үшiн пайдалануға тыйым салынады.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
      8-бап. Автомобильмен тасымалдаудың түрлерi
      1. Автомобильмен тасымалдау:
      1) жолаушылар мен багаж тасымалына;
      2) жүк тасымалына;
      3) почта тасымалына бөлiнедi.
      2. Қатынас түрлерi бойынша жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау халықаралық, қалааралық облысаралық, қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдау болып бөлiнедi.
      3. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдау ұйымдастыру сипаты бойынша тұрақты және тұрақты емес болып бөлiнедi.
      9-бап. Автокөлiк құралдарын жүргiзушiлердiң еңбегi
              мен тынығуы режимiн тiркейтiн бақылау
              қондырғыларымен (тахографтармен)
              жабдықтау жөнiндегi талаптар
      Жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуы режимiн тiркейтiн бақылау қондырғыларымен (тахографтармен):
      1) қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауды;
      2) жолаушыларды, багаж бен жүктi автомобильмен халықаралық тасымалдауды;
      3) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес қалааралық облысаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын автобустар, жүк автомобильдерi, соның iшiнде арнайы бейiмделген автомобильдер жабдықталуға тиiс.
2-тарау. Автомобиль саласындағы
мемлекеттік реттеу
      10-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк
               реттеудiң негiзгi мiндеттерi
      Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеудiң негiзгi мiндеттерi мыналар болып табылады:
      1) экономиканың және халықтың автомобильмен тасымалдауға және өзге де жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтерге деген мұқтажын қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасау;
      2) жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн, сондай-ақ мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғау;
      3) халықаралық автомобильмен тасымалдау рыногында отандық тасымалдаушылардың бәсекеге қабiлеттiлiгi үшiн жағдайлар жасау;
      4) автомобильмен тасымалдаудың iшкi рыногын қорғау;
      5) автомобиль көлiгiнiң инфрақұрылымын одан әрi дамыту.
      11-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк
               реттеу және бақылау
      1. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк реттеу құқықтық қамтамасыз ету, лицензиялау, техникалық реттеу, Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру арқылы iске асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының сақталуын мемлекеттiк бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген құзыретi шегiнде уәкiлеттi орган және басқа да мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруын бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктi бақылау посттарында жүзеге асырылады.
      Техникалық бақылау құралдарымен жарақталмаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiн және көлiктi бақылау посттарын құруға жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнiң және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктi бақылау посттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
      12-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
      Қазақстан Республикасының Үкiметi:
      1) автомобиль көлiгi саласында мемлекеттiк саясатты әзiрлейдi;
      2) автомобиль көлiгi саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдарды жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүрiп-тұру тәртiбiн айқындайды;
      4) автомобиль көлiгi саласында лицензиялау ережелерiн, соның iшiнде лицензиаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      5) Қазақстан Республикасының аумағында автокөлiк құралдарымен тасымалдауға жол берiлетiн қауiптi жүктердiң тiзбесiн бекiтедi;
      6) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша Автокөлiк құралдарымен қауiптi жүктердi тасымалдау ережелерiн, қауiптi жүктер тасымалдайтын жүргiзушiлер мен автокөлiк құралдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi;
      7) тасымалдаушыларды төтенше жағдайларды жоюға тарту тәртiбiн айқындайды;
      8) алып тасталды
      9) алып тасталды
      10) Автомобиль көлiгi құралдарын техникалық пайдалану ережелерiн бекiтедi;
      11) автомобиль көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi бекiтедi.
      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.06. N 209 Заңдарымен.
      13-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
      Уәкiлеттi орган:
      1) автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады;
      2) өз құзыретi шегiнде автомобиль көлiгi саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады және халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының мүдделерiн бiлдiредi;
      3) автомобиль көлiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлейдi;
      4) жолаушыларды және багажды автомобильмен қалааралық облысаралық (астананы және республикалық маңызы бар қалаларды қоса алғанда) тұрақты тасымалдауды ұйымдастырады, тиiстi облыстардың (астана мен республикалық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарымен көрсетiлген маршруттар бойынша қозғалыс кестесiн келiседi;
      5) жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық тұрақты тасымалдауды ұйымдастырады, аталған тасымалдардың маршруттары бойынша қозғалыс кестесiн келiседi;
      6) жолаушыларды және багажды автомобильмен халықаралық және қалааралық облысаралық тұрақты тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
      7) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жататын қызметтiң жекелеген түрлерiн лицензиялауды жүзеге асырады;
      8) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңдарының сақталуын бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
      9) автомобиль көлiгi саласында мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктермен және заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiмен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау  ережелерiнбекiтедi;
      11) Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiн бекiтедi;
      12) автомобиль көлiгi саласындағы техникалық регламенттердi әзiрлейдi;
      13) алып тасталды
      14) алып тасталды
      15) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуын ұйымдастыру ережелерiн, автокөлiк құралдарын еңбек пен тынығу режимiн тiркейтiн бақылау қондырғыларымен жарақтандыру жөнiндегi талаптарды бекiтедi;
      16) алып тасталды
      17) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау тарифтерi есебiнiң әдiстемесiн бекiтедi.
      18) алып тасталды
      19) "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ведомстволық статистикалық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, жыл сайынғы тексерулер жоспарларын әзірлейді және бекітеді.
      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.12.06. N 209, 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
      14-бап. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың,
              астананың) жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
              органдарының құзыретi
      1. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары:
      1) жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды, соның iшiнде елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдарды дамыту бағдарламасын бекiтедi;
      2) өз құзыретi шегiнде жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол жүрiсiн ұйымдастыру жобаларын бекiтедi;
      3) шалғай елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы бiлiм беретiн мектептерге тасымалдаудың схемасы мен тәртiбiн бекiтедi.
      4) алып тасталды
      2. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары:
      1) жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тұрақты тасымалдауларды ұйымдастырады, олардың маршруттарын бекiтедi, оларға қызмет көрсету құқықтарына конкурс ұйымдастырады және өткiзедi, маршруттар бойынша қозғалыс кестелерiн бекiтедi;
      2) автовокзалдар мен автостанциялардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
      3) жолаушыларды және багажды қалалық, қала маңындағы, елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын және қалааралық облысiшiлiк автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының тiзiлiмiн жүргiзедi;
      4) таксимен жолаушылар және багаж тасымалдауды ұйымдастырады;
      5) шалғай елдi мекендерде тұратын балаларды жалпы бiлiм беретiн мектептерге тасымалдауды ұйымдастырады;
      6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды, соның iшiнде елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тасымалдарды дамыту бағдарламасын әзiрлейдi;
      7) жолаушылар көлiгiн дамытудың кешендi схемасын және жол жүрiсiн ұйымдастыру жобаларын әзiрлейдi.
      8) алып тасталды
      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      15-бап. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының
               автомобиль көлiгi саласында мемлекеттiк
               бақылауды жүзеге асыру кезiндегi
               құқықтары мен мiндеттерi
      1. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда осы Заңның 11-бабының 3-тармағында көзделген өткiзу пункттерiнде автокөлiк құралдарын тоқтатуға;
      2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының бұзылуы туралы тексерулердi жүзеге асыруға және актiлер жасауға, жолсыздықтарды жою туралы орындалуға мiндеттi нұсқамалар беруге;
      3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы  заңдарынасәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға құқығы бар.
      2. Уәкiлеттi органның лауазымды адамдары:
      1) жеке және заңды тұлғалардың автомобиль көлiгi қызметi мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша тиiстi шаралар қолдануға;
      2) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      3. Автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру кезiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдарының үстiнде қызметтiк нысанды киiмi, кеудеге таққан нөмiрлi белгiлерi болуға және талап ету бойынша қызметтiк куәлiгiн көрсетуге тиiс.
      Қызметтiк нысанды киiмнiң, кеудеге тағатын нөмiрлi белгiлердiң, қызметтiк куәлiктiң үлгiлерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
      16-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы лицензиялау
      Автомобиль көлiгi саласындағы кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген түрлерi Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде жүзеге асырылады.
      17-бап. Сәйкестiктi растау
      1. Автомобиль көлiгi саласындағы автокөлiк құралдарының, автокөлiкке арналған жабдықтардың, олардың өмiрлiк циклi процестерiнiң сәйкестiгiн растау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Шет мемлекет берген сәйкестiктi растау саласындағы құжат Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес танылады.
      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
      18-бап. Автомобиль көлiгi саласындағы мiндеттi
               сақтандыру
      1. Қазақстан Республикасының аумағында автокөлiк құралдарын пайдалануға олардың иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi мiндеттi сақтандырылған жағдайда ғана жол берiледi.
      2. Жолаушылар мен багаж тасымалдауды жүзеге асыру үшiн пайдаланылатын автокөлiк құралдарымен жол жүрген кезде жолаушылардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi де мiндеттi сақтандырылуға жатады.
      3. Автокөлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру және тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдерiнiң мөлшерi, сондай-ақ сақтандырудың осы түрлерiн (кластарын) ұстау және оларды жүргiзу шарттары бойынша қосымша талаптар Қазақстан Республикасының сақтандырудың осы түрлерi (кластары) туралы заң актiлерiмен белгiленедi.
      19-бап. Тарифтер
      1. Жолаушыларды және багажды қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауға арналған тарифтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлетiн, аталған жолаушылар және багаж тасымалдарына арналған тарифтердi есептеу әдiстемесiне сәйкес айқындалады.
      Тарифтер осы тармақта аталған тасымалдау шығындарын жаппаған жағдайда жергiлiктi атқарушы органдар белгiленген тариф пен тасымалдаудың нақты шығындары арасындағы айырманы тасымалдаушыға тиiстi бюджет қаражаты есебiнен өтейдi.
      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, автомобиль көлiгi саласындағы жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бағаларын (тарифтердi) мемлекеттiк реттеу енгiзiледi.
      2-1-тарау. Автомобиль көлiгi саласындағы
          көлiктiк бақылауды жүзеге асыру
      Ескерту. 2-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      19-1-бап. Көлiктiк бақылау жүргiзудiң мәнi мен мақсаты
      1. Көлiктiк бақылау жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын қызметке жүргiзiледi.
      2. Көлiктiк бақылау жүргiзудiң мақсаты Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
      3. Уәкiлеттi орган орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен өзара iс-қимыл жасайды, бiрлескен бақылау шараларын қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етедi.
      19-2-бап. Автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік
                 бақылаудың түрлері
      1. Көліктік бақылау мына түрлерге бөлінеді:
      1) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының өтуін бақылау;
      2) автомобиль көлігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңдары және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, Қазақстан Республикасы ратификациялаған, автомобиль көлігінің жұмыс істеу тәртібін айқындайтын халықаралық шарттар талаптарының, сондай-ақ автокөлік қызметтерін көрсету саласындағы лицензиялық қағидалардың сақталуы тұрғысынан бақылау.
      2. Тексеру жүргізу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушының және көлік кәсіпорнының қызметін тоқтатпауға тиіс.
      3. Автомобиль көлігі саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру нысанында және өзге де нысандарда жүзеге асырылады.
      4. Тексеру "Жеке кәсіпкерлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік бақылаудың өзге де нысандары осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 19-2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      19-3-бап. Көлiктiк бақылау жүргiзудiң мерзiмдерi мен
                кезеңдiлiгi
      Ескерту. 19-3-бап алып тасталды - ҚР 2009.07.17. N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
      19-4-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
                автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруын
                көлiктiк бақылау
      1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруын көлiктiк бақылау Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау посттарында жүзеге асырылады.
      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерi мен көлiктiк бақылау посттары күрделi ғимараттармен және құрылыстармен жабдықталуға, деректердi жинау, беру және шоғырландыру үшiн бақылау, байланыс техникалық құралдарымен, қазiргi заманғы телекоммуникациялық және компьютерлiк жабдықтармен жарақталуға тиiс. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерi мен Қазақстан Республикасының аумағында көлiктiк бақылау посттары қажет болған жағдайда шлагбаумдармен жабдықталады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерi мен Қазақстан Республикасының аумағындағы көлiктiк бақылау посттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      19-5-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
                автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруына көлiктiк
                бақылау жүргiзудiң нысандары
      1. Қазақстан Республикасында халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыру кезiнде рұқсат беру жүйесiнiң талаптарын орындауды көлiктiк бақылау посттарында мыналарды:
      1) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруына рұқсат беру құжаттарының болуын;
      2) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша бөлiнбейтiн жүктi тасымалдайтын iрi көлемдi және ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүруiне арнайы рұқсаттың болуын;
      3) жол жүру маршрутының халықаралық қатынастары үшiн белгiленгенге сәйкестiгiн;
      4) рұқсат алмай жүрiп-тұру жүйесi әрекет ететiн мемлекеттерде тiркелген автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кiруiн тiркеу талондарының болуын;
      5) автокөлiк құралдары кiрген кезде өткiзу пункттерiнде берiлетiн бақылаудан өту талондарының болуын тексеру арқылы жүргiзiледi.
      2. Тасымалдаушылардың автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң еңбегi мен тынығуы режимiн сақтауын көлiктi бақылау посттарда жүргiзушiнiң еңбегi мен тынығуы режимiнiң бақылау қондырғысының (тахограф) болуын және оны пайдаланылуын тексеру, сондай-ақ экипаждың еңбегi мен тынығуы режимiн бақылаудың тiркеу парақтарын жүргiзу жолымен жүргiзiледi.
      3. Iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүрiп-тұруын көлiктiк бақылау көлiк құралдарының нақты салмақ және көлем өлшемдерiн тексеру және олардың Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген рұқсат етiлген өлшемдерден асуы шамасын айқындау жолымен стационарлық үлгiдегi салмақ өлшеу жабдығын немесе көшпелi ұтқыр таразыны, өлшеу құралы мен көлем рамкаларын қолдана отырып жүргiзiледi.
      19-6-бап. Тексеруге жататын негiзгi құжаттар
      1. Шаруашылық субъектiлерiн тексерудi жүргiзу кезiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдары құрылтай құжаттарымен және мына:
      1) мамандар мен жүргiзушiлердiң кәсiптiк бiлiктiлiгiн растайтын;
      2) белгiленген маршруттар бойынша тұрақты жолаушы тасымалын жүзеге асыру үшiн қажеттi (куәлiктермен, қозғалыс кестелерiмен, маршруттар сызбаларымен, автовокзалдармен және автостанциялармен жасасқан шарттармен, паспорттармен, келiсiм-шарттармен);
      3) қауiптi жүктердi тасымалдау (тиiстi уәкiлеттi орган берген нақты қауіпті жүкпен қызметтi жүзеге асыруға арналған лицензия (рұқсат), қауiптi жүктi тасымалдау маршрутының бланкiсi, авариялық карточкалар, жүргiзушiлер мен мамандарды даярлау туралы куәлiктер, жүргiзушiнi қауiптi жүктердi тасымалдауға жiберу туралы куәлiк, автокөлiк құралының қауiптi жүктi тасымалдауға рұқсаты);
      4) тиiстi автокөлiк құралдарына арналған (белгiленген нысандардағы жол парақтары мен тауар-көлiктiк құжаттармен, билеттiк-есепке алу парақтары және оларды есепке алу журналдарымен) құжаттармен танысады.
      2. Тексеру жүргiзу кезiнде қажеттi құжаттардың болуы және олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестiгi айқындалады.
      3. Автомобиль көлiгiндегi шаруашылық субъектiлерiн тексерудi жүргiзу кезiнде өз құзыретi шегiнде тексерудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органның лауазымды адамдары:
      1) жылжымалы құрамның, жөндеу және өндiрiстiк базаның, техникалық құралдардың, тиеу-түсiру тетiктерiнiң, бақылау-өлшеу аппаратураларының, жабдықталған  қызметтiк үй-жайдың (меншiктi жөндеу және өндiрiстiк базасы жоқ және басқа кәсiпорындармен тиiстi жұмыс түрлерiн орындауға шарт жасасқан кәсiпорындар бұған жатпайды) болуы мен олардың жай-күйiн, сондай-ақ автомобиль көлiгiндегi шаруашылық субъектiлерiнiң экологиялық талаптар мен жол жүрiсi қауiпсiздiгi жөнiндегi талаптардың нормаларын сақтауын;
      2) автокөлiк құралдарының техникалық пайдаланылуының белгiленген талаптарға сәйкестiгiн;
      3) автокөлiк құралдарын рейс алдында техникалық байқауды және жүргiзушiлердi рейс алдында (ауысым алдында) медициналық байқауды жүргiзуге арналған қызметтер мен бiлiктi қызметкерлердiң не мұндай қызметтi жүзеге асыратын тиiстi ұйымдармен шарттардың болуын және олардың сәйкестiгiн;
      4) жолаушыларды және багажды тасымалдауды немесе автовокзалдар (автостанциялар) жүйесiндегi жұмыстарды жүзеге асыру кезiнде автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерi талаптарының орындалуын;
      5) автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде белгiленген талаптардың, оның iшiнде автокөлiк құралдарына қойылатын салмақтық және көлемдiк өлшемдерi жөнiндегi талаптардың орындалуын;
      6) Қазақстан Республикасында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде, жолаушылардың, багаж бен жүктердiң халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыру кезiнде рұқсат беру жүйесiн қолдану жөнiндегi ережелер талаптарының орындалуын;
      7) жүргiзушiлердiң белгiленген еңбек және тынығу режимiн сақтауы, оның iшiнде жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуы режимiн тiркеудiң бақылау қондырғыларымен (тахографтармен) жабдықталуға жататын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тасымал түрлерiн жүзеге асыратын автобустарда, жүк, оның iшiнде мамандандырылған (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған) автомобильдерде тахографтардың болуын;
      8) автокөлiк құралдарымен қауiптi жүктердi тасымалдау ережелерi, олардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп-тұруы талаптарының және қауiптi жүкті тасымалдайтын жүргiзушiлер мен автокөлiк құралдарына қойылатын бiлiктiлiк талаптарының орындалуын;
      9) автокөлiк құралдарын жолаушыларды және тамақ өнiмдерiн, сондай-ақ тасымалдау кезiнде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының қорытындысы талап етiлетiн жүктердi халықаралық тасымалдауға жiберу туралы аталған мемлекеттiк органдардың қорытындысы болуы жөнiндегi талаптардың орындалуын;
      10) бақылау-өткiзу пункттерiнде қажеттi құжаттама мен аспаптардың болуын;
      11) жүргiзушiлер құрамы үшiн жол-көлiк оқиғалары мен жол жүрiсi ережелерiн бұзу туралы ақпараттың әдiстерi және жеделдiгiн, жүргiзiлген нұсқаманы, жол-көлiк оқиғаларының алдын алу жөнiндегi iс-шаралар жоспарларын тiркеу жөнiндегi журналдардың болуын тексередi.
      Ескерту. 19-6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      19-7-бап. Көлiктiк бақылауды жүзеге асыру кезiндегi
                уәкiлеттi органның құзыретi
      Уәкiлеттi органның лауазымды адамдары мынадай бақылау функцияларын жүзеге асырады:
      1) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының автомобиль көлігi саласындағы заңнамасын, автомобиль көлiгiнiң жұмыс iстеу тәртiбiн айқындайтын Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды сақтауын бақылау, оларды бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жөнiндегi шараларды қабылдау;
      2) автокөлiк қызметтерiн көрсету саласындағы лицензиялық ережелердiң сақталуын бақылау;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалын ұйымдастыру кезiнде рұқсат беру жүйесi талаптарының орындалуын бақылау;
      4) тасымалдаушылардың жолаушылар мен багаж тасымалы ережесiн сақтауын бақылау, автобус салондарында жүк тасымалдауға жол бермеу;
      5) тасымалдаушылардың халықаралық қатынастарда тез бұзылатын жүктердi тасымалдауды орындайтын қозғалмалы құрамға қойылатын талаптарды сақтауын бақылау;
      6) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруын, оның iшiнде отандық және шетелдiк тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген автокөлiк құралдарының рұқсат етiлген көлемдiк және салмақтық өлшемдерiн сақтауын бақылау;
      7) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары мен шетел мемлекеттерi тасымалдаушыларының Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңнамасын сақтауын бақылау;
      8) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары мен шетел мемлекеттерi тасымалдаушыларының автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң еңбегi мен тынығуы режимiн сақтауын бақылау;
      9) автокөлiк құралдары жабдығының автокөлiк құралында тахографтың болуы және оның ақаусыздығы тұрғысынан халықаралық шарттар талаптарына сәйкестiгiн, сондай-ақ орнатылған жанармай бактарының жасаушы заводтың талаптарына сәйкестiгiн бақылау;
      10) халықаралық және облысаралық қатынастағы жолаушыларды автомобильмен тұрақты тасымалдауға рұқсаттың болуын тексеру, жүру маршруты мен кестесiнiң сақталуын, сондай-ақ жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдау кезiнде жолаушылар тiзiмiнiң болуын бақылау;
      11) шетелдiк тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағы бойынша каботаждық тасымалды жүзеге асыруын айқындау және оның жолын кесу;
      12) шетелдiк көлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына белгiленбеген өткiзу пункттерi арқылы кiруi фактiсiн айқындау;
      13) шетелдiк автокөлiк құралдарының уақытша кiруiн тiркеу және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы рұқсатсыз жүйе қолданылатын мемлекеттерде тiркелген автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кiруiн тiркеу талондарын беру;
      14) Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңына сәйкес лицензиялауға жататын автокөлiк қызметтерiн көрсету саласындағы жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялау;
      15) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттiң тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп-тұруына және Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекет аумағы бойынша жүрiп-тұруына рұқсат беру;
      16) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша ауыр салмақты және iрi көлемдi көлiк құралдарының (шетелдiктердi қоса алғанда) жүрiп-тұруына арнайы рұқсат беру;
      17) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы автокөлiк құралдарын өткiзу пункттерiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын кесiп өту кезiнде отандық және шетелдiк автокөлiк құралдарының бақылаудан өту талонын беру;
      18) халықаралық қатынаста және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiн даярлау жөнiндегi курстарды ұйымдастыру;
      19) халықаралық қатынаста және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарымен қауiптi жүктердi тасымалдауға жүргiзушiнi жiберу туралы куәлiк беру;
      20) транзиттiк әлеуеттi қолдану туралы ақпаратты жинау, автокөлiк құралдары жүрiсiнiң жиiлiгiн есепке алу, белгiленген нысандағы есеп беру құжаттары түрiнде жинақталған ақпаратты берудi ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      21) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен автомобиль көлiктерiнде және автожолдарда қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасау.
      19-8-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
                 жүрiп-тұруға рұқсат ету құжаттарын беру тәртiбi
      1. Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) кiру (шығу), халықаралық қатынастағы жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзитi рұқсат беру құжаты - жүруге берiлген рұқсат негiзiнде жүргiзiледi.
      2. Егер шетелдiк автокөлiк құралы тiркелген мемлекетпен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық автомобиль тасымалдары саласында рұқсатсыз жүйе қолданылса, осы шетелдiк автокөлiк құралының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп-тұруы Қазақстан Республикасының аумағына кiрген кезде көлiктiк бақылау посттарында берiлетiн шетелдiк автокөлiк құралының Қазақстан Республикасының аумағына кiруiн тiркеу талоны негiзiнде жүзеге асырылады.
      3. Үшiншi елдiң аумағындағы шығу пунктiнен Қазақстан Республикасының аумағындағы бару пунктiне дейiн немесе Қазақстан Республикасының аумағындағы шығу пунктiнен үшiншi елдiң аумағындағы бару пунктiне дейiн жолаушыларды және (немесе) жүктердi тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп-тұруына рұқсат беру құжаты - шетелдiк тасымалдаушылардың үшiншi елден Қазақстан Республикасының аумағына немесе Қазақстан Республикасының аумағынан үшiншi елге тасымалдауды орындауға берiлген рұқсат негiзiнде жол берiледi.
      4. Уәкiлеттi орган шетелдiк мемлекеттердiң құзыреттi органдарымен рұқсат беру құжаттарының бланкiлерiмен тепе-тең айырбас жүргiзуi мүмкін.
      5. Халықаралық қатынаста Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзитпен тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiк тасымалдаушы Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жүрiп-тұруға  рұқсат сұраған жағдайда уәкiлеттi орган оған Қазақстан Республикасының Салық кодексінде  белгiлеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұрғаны үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн мұндай рұқсатты бередi.
      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк рейстен керi бағытта қайтып бара жатқан шетелдiк жүк автокөлiк құралы Қазақстан Республикасының аумағында жолшыбай тиелген кезде Қазақстан Республикасының аумағынан шығу құқығын куәландыру үшiн Қазақстан Республикасының Салық кодексінде  белгiлеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұрғаны үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган беретiн жүрiп-тұруға қосымша рұқсаттың болуы қажет.
      Ескерту. 19-8-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      19-9-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
                шетелдiк автокөлiк құралдарының жүрiп-тұру
                тәртiбi
      1. Қазақстан Республикасы мен шетелдiк мемлекеттер арасындағы жүктердiң, жолаушылардың және багаждың халықаралық автомобиль тасымалы халықаралық автомобиль өткiзу пункттерi арқылы жүзеге асырылуға тиiс.
      Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшiн қажеттi рұқсат беру және басқа да құжаттар автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерiнде болуға және уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамдарының талабы бойынша көрсетiлуге тиiс.
      2. Шетелдiк автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екi пункт арасында жолаушылар мен жүктердi тасуына жол берiлмейдi.
      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жолаушыларды транзиттiк тасымалдауды жүзеге асыратын шетелдiк автокөлiк құралдарына Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларды отырғызуды және (немесе) түсiрудi жүргiзуге тыйым салынады.
      Халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар өз мемлекетiнiң тiркеу және айыру белгiлерi бар автокөлiк құралдарын пайдалануы тиiс.
      Бұл ретте тiркемелерде немесе жартылай тiркемелерде басқа мемлекеттiк тiркеу және айырма белгiсi болуы мүмкiн.
      19-10-бап. Отандық автокөлiк құралдарының Қазақстан
                 Республикасының аумағынан шығу және оларға
                 шетелдiк рұқсаттарды беру тәртiбi
      1. Отандық автокөлiк құралдары рұқсат беру бланкiлерiмен алмасу жүргiзiлген шетелдiк мемлекеттерге барған жағдайда тасымалдаушы бұрын берiлген өтiнiмдер негiзiнде Қазақстан Республикасының Салық кодексінде  белгiлеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұрғаны үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн уәкiлеттi орган беретiн тиiстi шетелдiк рұқсат беру құжаттарын ала алады.
      Әрбiр автокөлiк құралына жеке рұқсат беру құжаты берiледi.
      2. Пайдаланылған шетелдiк рұқсат беру құжаттары бұрын оларды берген органға қайтарылуға жатады.
      3. Тасымалдаушының оған берiлген шетелдiк рұқсат беру құжаттарын басқа тасымалдаушыға беруiне жол берiлмейдi.
      Егер бөлiнген шетелдiк рұқсат беру құжаттарының саны тасымалдаушылар берген өтiнiмдердiң жалпы санынан аз болған жағдайда шетелдiк рұқсат беру құжаттарының бланкiлерiн тасымалдаушылар арасында бөлу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
      Отандық тасымалдаушыларға мәлiмденгеннен тыс шетелдiк рұқсат беру құжаттарын беру басқа отандық тасымалдаушылар өздерi мәлiмдеген шетелдiк рұқсат беру құжаттарының осы түрiнен бас тартқан жағдайда жүргізілуі мүмкiн.
      Отандық тасымалдаушылардың жолаушыларды және багажды тұрақты халықаралық тасымалдауына рұқсат беру құжаттарын беру Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 19-10-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      19-11-бап. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша
                 отандық және шетелдiк iрi көлемдi және
                 (немесе) ауыр салмақты автокөлiк
                 құралдарының жүрiп-тұруына арналған арнайы
                 рұқсаттарды беру тәртiбi
      1. Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдiк iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруына рұқсат беру құжатының - ауыр салмақты және (немесе) iрi көлемдi автокөлiк құралдарының жүрiп-тұруына берiлген арнайы рұқсаттың (бұдан әрi - арнайы рұқсат) негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Арнайы рұқсатты уәкiлеттi орган жүру маршрутын белгiлегеннен және Қазақстан Республикасының Салық кодексінде  белгiлеген ставкалар бойынша Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлiк құралдарының жүрiп-тұрғаны үшiн алым сомасы төленгеннен кейiн бередi.
      3. Егер жүгi бар немесе жүксiз автокөлiк құралы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша жүруге арналған автокөлiк құралдарының рұқсат етiлген өлшемдерiнен көлемi, салмағы және (немесе) осьтiк жүктемесi бойынша артық болса, арнайы рұқсат осы автокөлiк құралы бөлiнбейтiн, мақсатын өзгертпей, тым көп шығындарсыз немесе олардың бұзылу қаупінсiз екi немесе одан да көп бөлiктерге бөлуге келмейтiн жүктердi тасымалдаған жағдайда ғана берiледi.
      Бөлiнетiн жүгi бар iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты автокөлiк құралының жүрiп-тұруы айқындалған жағдайда оны тасымалдаушы Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары бойынша қозғалуға арналған автокөлiк құралдарының рұқсат етілген өлшемдерiне сәйкес келтiру үшiн автокөлiк құралынан жүктi түсiргенде және маршруттың нақты жүрiп өтiлген бөлiгi үшiн iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралының жүрiп-тұрғаны үшiн алым сомасын төленгенде тасымал арнайы рұқсат берiлмей жаңғыртылуы мүмкiн.
      Ескерту. 19-11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2008.12.10 N 101-IV (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-2-тарау. Автомобиль көлiгi саласындағы қауiпсiздiктiң жалпы
талаптары
      Ескерту. 2-2-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.12.06. N 209 Заңымен.
       19-12-бап. Жалпы ережелер
      1. Автомобиль көлiгi саласындағы техникалық реттеу объектiлерi:
      автомобиль көлiгi болып табылады, оған:
      1) автобустар;
      2) шағын автобустар;
      3) жеңiл автомобильдер;
      4) жүк автомобильдерi;
      5) автомобиль тiркемелерi;
      6) ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелер;
      7) арнайы бейiмделген автомобильдер (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған);
      8) арнаулы автомобильдер (әр түрлi, көбiнесе көлiкке арналмаған жұмыстарды орындайтын);
      9) автомобиль көлiгiн жобалау;
      10) автомобиль көлiгiн шығару (жөндеу);
      11) автомобиль көлiгiн тасымалдау және сақтау;
      12) автомобиль көлiгiн кәдеге жарату және жою кiредi.
      2. Автокөлiк құралдары адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiретiн болса немесе оларды тиiстi дәрежеде орнату, қызмет көрсету және пайдалану кезiнде солардың қауiпсiздiгi мен функционалдық мақсатына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын болса, нарықта сатылмауға және пайдаланылмауға тиiс.
      3. Қазақстан Республикасының нарығында сәйкестiгi расталуға тиiс автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға осы Заңның және техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiктi растау үшiн шаралар қабылдауға мiндеттi.
      4. Қазақстан Республикасының нарығында автомобиль көлiгiн орналастыратын тұлға:
      1) тұтынушының ықтимал тәуекелдердi бағалауы және тиiстi қауiпсiздiк шараларын қабылдауы үшiн қажеттi пайдалану құжаттамасын және басқа да ақпаратты мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде ұсынуға;
      2) автомобиль көлiгiн сату кезiнде таңдау бақылауын жүргiзуге, тұтынушылардың шағымдарын тексеруге;
      3) автомобиль көлiгiнiң адам өмiрi мен денсаулығына зиян келтiру тәуекелi болғанда, пайдаланушыны уақтылы және тиiмдi ескерту, сондай-ақ автомобиль көлiгiн қайтарып жiберетiндей қажеттi iс-шаралар жүргiзу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге;
      4) таратылып қойған автомобиль көлiгiнде қауiпсiздiк талаптарының бұзылуы туралы және мұндай бұзушылықтарды жою жөнiндегi өзi қабылдаған шаралар туралы тиiстi мемлекеттiк бақылау органдарына дереу хабарлауға;
      5) шығарушыдан, уәкiлеттi өкiлден, импорттаушыдан, пайдаланушыдан немесе мемлекеттiк бақылау органдарынан автомобиль көлiгiнiң осы Заңның және техникалық регламенттердiң белгiленген талаптарына сәйкес келмеуi туралы ақпарат алынған болса, автомобиль көлiгiн сатпауға мiндеттi.
      5. Автомобиль көлiгiнде қажеттi ескерту жазбалары немесе қауiптiлiк және қауiпсiз пайдалану шарттары туралы белгiлер болуға тиiс.
      6. Пайдалану құжаттамасындағы қауiпсiздiк талаптары осы Заңда және техникалық регламенттерде белгiленген талаптардан төмен болмауға тиiс.
      19-13-бап. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiндегi
                қауiпсiздiк талаптары
      1. Автокөлiк құралдарын жобалау кезiнде өмiрлiк циклдiң барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар (бұзылулар мен сыртқы әсерлер), персоналдың болжамды қателерi және пайдалануға болмайтын кезiндегi бүкiл ықтимал қауiптер сәйкестендiрiлуге тиiс.
      2. Пайдалану (қолдану) жөнiндегi нұсқауды (нұсқаманы) және паспортты (немесе формулярды) әзiрлеу автокөлiк құралдарын жобалаудың ажырамас бөлiгi болып табылады.
      19-14-бап. Автокөлiк құралдарын шығару кезiндегi
                 қауiпсiздiк талаптары
      1. Шығару кезiнде автокөлiк құралдарының дайындалуы жобалық құжаттаманың, осы Заңның, техникалық регламенттердiң талаптарына сәйкестiгi қамтамасыз етiлуi қажет.
      2. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде дайындаушы жобалық құжаттамада айқындалған қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi барлық iс-шаралар кешенiн орындауға және қауiпсiздiкке байланысты барлық технологиялық операциялардың орындалуын бақылау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Егер автокөлiк құралдарын дайындау процесiнде немесе одан кейiн қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн сынақтар жүргiзу қажет болса, онда олар жобалық құжаттаманың барлық талаптары орындала отырып, толық көлемде жүргiзiлуге тиiс.
      4. Автокөлiк құралдарын шығару кезiнде жобалық құжаттамадан ауытқу жобалаушымен келiсiледi және ол техникалық регламенттерде белгiленген жол берiлетiн тәуекелден аспауға тиiс.
      19-15-бап. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау
                 кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
      1. Автокөлiк құралдарын тасымалдау және сақтау процесiнде олардың сақталуын, олардың қауiпсiздiгi көзделетiн техникалық сипаттамаларды сақтауды қамтамасыз етуге қойылатын барлық қажеттi талаптар, оның iшiнде консервациялауға, тасымалдау және сақтау жағдайларына қойылатын талаптар, белгiленген сақтау мерзiмдерi, жай-күйiн қайта куәландыру, сақтау мерзiмi аяқталған жеке элементтердi, бөлшектердi, тораптарды ауыстыру мерзiмдерi бойынша нұсқаулар автокөлiк құралдарына арналған техникалық құжаттамада жазылуға тиiс.
      2. Автокөлiк құралдарын, олардың тораптары мен бөлшектерiн тасымалдау және сақтау жобалаушы қарастырған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық қауiпсiздiк талаптары ескерiле отырып жүргiзiледi.
      3. Консервациялау үшiн қолданылатын материалдар мен заттар қауiпсiз болуға тиiс.
      19-16-бап. Автокөлiк құралдарын кәдеге жарату және жою
                 кезiндегi қауiпсiздiк талаптары
      Жеке және заңды тұлғалар автокөлiк құралдарын кәдеге жаратуды, жоюды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай талаптардың сақталуын ескере отырып қамтамасыз етедi:
      1) автокөлiк құралдарын пайдалану тоқтатылғаннан кейiн оларды пайдалану мүмкiндiгiн болдырмау шаралары қабылдануға тиiс;
      2) пайдалану процесiнде уытты заттармен, радиоактивтi аэрозольдармен ластанған автокөлiк құралдары оларды кәдеге жарату, жою кезiнде қолданылатын зиянды заттардың уыттылығына, физика-химиялық қасиеттерiне қарай арнайы ерiтiндiлермен (әдiстермен) залалсыздандыру жөнiндегi мiндеттi өңдеуден өткiзiлуге тиiс;
      3) автокөлiк құралдарын кәдеге жаратудың және жоюдың барлық кезеңiн өткiзетiн персоналдың қажеттi бiлiктiлiгi болуға, олар тиiстi оқудан өтуге және еңбек қауiпсiздiгi талаптарын сақтауға тиiс.
3-тарау. Жолаушыларды және багажды
автомобильмен тасымалдау
      20-бап. Жолаушының құқықтары мен мiндеттерi
      1. Жолаушының:
      1) Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарында көзделген тәртiппен кез келген автобуспен және таксимен жол жүруге;
      2) жол жүру құжатын (билетiн) сатып алуға;
      3) сатып алған жол жүру құжатына (билетiне) сәйкес орын алуға;
      4) таксиден басқа, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автобустарда өзiмен бiрге 7 жасқа дейiнгi, ал халықаралық тасымалдарда - 5 жасқа дейiнгi бiр баланы, оған жеке орын беру құқығынсыз тегiн алып жүруге;
      5) Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жүзеге асыратын халықаралық тасымалдарда 5 жастан 12 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
      6) 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алуға;
      7) егер тасымалдаушы кестеде көзделген автобустың орнына жүру ақысы қымбаттау басқа автобус ұсынса, үстемеақы төлемей, сатып алынған жол жүру құжаты (билетi) бойынша жол жүруге;
      8) жол жүру құжатын (билетiн) тасымалдау басталғанға дейiн өткiзуге және көзделген алымдар шегерiле отырып, тасымалдауға төленген соманы керi қайтарып алуға;
      9) егер ол тасымалдаушыны автобус жөнелтiлгенге дейiн үш сағаттан кешiктiрмей хабардар етсе және тасымалдаушы, автовокзал немесе автостанция жолаушының жол жүру құжатын (билетiн) сатып алу фактiсiн растаса, жоғалған жол жүру құжатын (билетiн) қалпына келтiруге;
      10) Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау  ережелерiндебелгiленген нормалар шегiнде қол жүгiн өзiмен бiрге тегiн алып жүруге;
      11) тариф бойынша ақы төлеп багажды тасымалдауға өткiзуге;
      12) тасымалдауға тапсыру кезiнде багаждың құндылығын жариялауға;
      13) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тасымалдау сапасы деңгейiнiң оның сертификатына сәйкестiгiне дауласуға құқығы бар.
      Жолаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бар.
      2. Жолаушы:
      1) жолаушыларды және багажды қалалық, қала маңындағы, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық, халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарында жол жүру кезiнде жол жүру құжаты (билетi) болуға және оны сапар аяқталғанға дейiн сақтауға;
      2) қоғамдық тәртiптi, Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарды сақтауға;
      3) егер шартта өзгеше көзделмесе, құндылығы жарияланған багажды тасымалдау кезiнде тасымалдаушының көрсеткен қызметтерiне ақы төлеуге мiндеттi.
      Жолаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттер атқарады.
      21-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен
               тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және
               жүзеге асыру
      1. Егер:
      1) автомобиль жолдарының өткiзу қабiлетi белгiлi бiр маршруттар бойынша автобустардың, шағын автобустардың тұрақты қозғалысын жүзеге асыруға мүмкiндiк берсе;
      2) автомобиль жолдарының жай-күйi және олардың жайластырылуы жол жүрiсi қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкес келсе, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау ұйымдастырылуы мүмкiн.
      2. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды жолаушылар мен багаждың аталған тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын конкурста жеңiп алған және тасымалдаушылар мен тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар арасында жасалатын шарттар негiзiнде оларға қызмет көрсету құқығына куәлiк алған тасымалдаушылар жүзеге асырады.
      Тасымалдаудың аталған түрлерiн куәлiксiз жүзеге асыруға жол берiлмейдi.
      3. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары тасымалдаушылар арасында конкурстық негiзде бөлiнедi. Конкурсқа жеке маршрут та, бiрнеше маршрут та бiр лотпен қойылуы мүмкiн.
      4. Жолаушыларды және багажды қала маңындағы, елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық және халықаралық автомобильмен тұрақты тасымалдау осы Заңға және Автомобиль көлiгiмен жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiне сәйкес тасымалдаушылардың және автовокзалдар немесе автостанциялар әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын шарттар негiзiнде автовокзалдардан немесе автостанциялардан ғана жүзеге асырылады.
      Автовокзалдар және автостанциялар осы қызмет түрiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен рұқсат етiлген жолаушылар және багаж тасымалдаушылармен шарт жасасудан бас тартуға құқығы жоқ.
      5. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар автобустарды, шағын автобустарды рейс алдында (ауысым алдында) техникалық тексерудi және ақауы болған жағдайда оларды уақтылы ауыстыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      22-бап. Тасымалдаушының құқықтары мен мiндеттерi
      1. Тасымалдаушының:
      1) өз құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында қоғамдық бiрлестiктердi, сондай-ақ заңды тұлғалардың қауымдастықтар (одақтар) нысанындағы бiрлестiктерiн құруға;
      2) қауiпсiздiк және гигиена талаптарына сай тынығуға және еңбек жағдайына;
      3) жолаушылардың қоғамдық тәртiптi және автомобиль көлiгiндегi жолаушылар және багаж тасымалдау ережелерiн сақтауын талап етуге құқығы бар.
      2. Жолаушылардың және багаждың тұрақты автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушы:
      1) автокөлiк құралдарының техникалық жарамды күйiн қамтамасыз етуге және белгiленген техникалық, экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және өрт қауiпсiздiгi талаптарына жай-күйi сай емес автокөлiк құралының маршрутқа шығуына жол бермеуге;
      2) автокөлiк құралдары жүргiзушiлерiне алдын ала және кезеңiмен, соның iшiнде рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеру жүргiзiлуiн, еңбек және тынығу режимi сақталуын қамтамасыз етуге;
      3) жолаушының қауiпсiздiгiн, оған қажеттi қызмет ету жайлылығы және шарттары жасалуын қамтамасыз етуге;
      4) багаждың уақтылы тасымалын және сақталуын қамтамасыз етуге;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарын ақысыз тасымалдауды жүзеге асыруға немесе оларға жол ақысы бойынша өзге де жеңiлдiктер беруге;
      6) жолаушылардың және багаждың тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде - автовокзалдар, автостанциялар кассалары немесе автобустардың, шағын автобустардың жүргiзушiлерi (кондукторлары) арқылы жол құжаттарын (билеттер) және багаж түбiртектерiн сатуды қамтамасыз етуге;
      7) жолаушылар және багаж тасымалының тарифтерiн жариялауға, оларды шарттарда, жол құжатында (билетте) және багаж түбiртегiнде тiркеуге;
      8) жарияланған тарифтердi сақтауға және тарифтердiң алдағы өзгеруi туралы жолаушыларды күнi бұрын хабардар етуге мiндеттi.
      3. Жолаушылардың және багаждың тұрақты емес автомобиль тасымалдарын (таксиден басқа) жүзеге асыратын тасымалдаушы:
      1) осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында аталған талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге;
      2) рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден және автокөлiк құралының техникалық байқаудан өткенi туралы белгiсi бар борт журналы болуға;
      3) жолаушылар отырғызып, түсiретiн орындары және тиiстi көрсеткiштермен жабдықталған автобустар тұратын арнайы бөлiнген алаңдардан тасымалдар ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мiндеттi.
      23-бап. Жолаушыларды және багажды қалааралық
               облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi
               мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды)
               аудан немесе облыс орталықтарымен,
               республикалық маңызы бар қалалармен
                (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты
               тасымалдауды ұйымдастыру шартының талаптары
      1. Жолаушыларды және багажды қалааралық облысаралық, қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартында:
      1) тариф;
      2) жол жүру құжаттарын (билеттер) сату тәртiбi мен орны, олардың жолаушыларда болуын бақылауды жүзеге асыру;
      3) облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары белгiлеген тариф тасымалдау шығындарын жаппаса, сондай-ақ жолаушылар мен багажды жеңiлдiк жағдайларымен немесе тегiн тасымалдау үшiн тасымалдаушыға өтем төлеу мөлшерi мен мерзiмдерi;
      4) маршрутта пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың қозғалыс кестесi, типi (класы) және саны;
      5) тараптардың шарт бойынша мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн жауапкершiлiгi;
      6) шарттың қолданыста болуының кемiнде үш жыл болатын ең аз мерзiмi көзделуге тиiс.
      2. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шартының өзге де мiндеттi талаптары белгiленуi мүмкiн.
      3. Жергiлiктi атқарушы органдар жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жолаушыларды отырғызудың және түсiрудiң белгiленген пункттерiн ресiмдеудi және күтiп-ұстауды қамтамасыз етуге;
      2) автобустардың, шағын автобустардың белгiленген қозғалыс кестесiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асыруға мiндеттi.
      4. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру шарты бойынша:
      1) тасымал үшiн автобустардың, шағын автобустардың шартта көзделген санын және типiн (класын) пайдалануға;
      2) қозғалыс кестесiн сақтауға;
      3) жол жүргенде автокөлiк құралының тиiсiнше жарақталуын және жолаушыларға сервистiк қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
      Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
      Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      24-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен
               тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыру
      1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылардың жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттары бойынша жолаушылар отырғызуына тыйым салынады.
      2. Тұрақты емес тасымал кезiнде жолаушы тасымалының шарты жол жүру құжатымен ресiмделедi.
      25-бап. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау
      1. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдау кемiнде екi есiгi бар, техникалық жай-күйi Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келетiн автобустармен жүзеге асырылады.
      2. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға арналған автобустар сары түстi шұғылалы шырақшамен жабдықталуға тиiс.
      3. Бұл автобустардың алдына және артына "Балалар тасымалы" деген тану белгiсi орнатылуға тиiс.
      4. Ұйымдасқан балалар тобын тасымалдауға жасы кемiнде жиырма бестегi, тиiстi санаттағы жүргiзушi куәлiгi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бap жүргiзушiге рұқсат етiледi.
      5. Екi және одан көп автобустардың легiне жол қозғалысы қауiпсiздiгi саласындағы уәкiлеттi орган көздеген тәртiппен жол полициясының арнаулы автомобильдерi iлесiп жүруге тиiс.
      26-бап. Жолаушыларды және багажды таксимен
               тасымалдауды ұйымдастыру
      1. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдау тасымалдаушы мен жергiлiктi атқарушы органның арасында жасалатын, жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарттың негiзiнде жүзеге асырылады.
      2. Тасымалдаушы жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
      1) жолаушыларды және багажды тасымалдау үшiн Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және багажды тасымалдау ережелерiне сәйкес таксометрлермен жабдықталған және айырым белгiлерi бар таксилердi пайдалануға;
      2) такси режимiнде жұмыс iстеу үшін шартта белгiленген автомобильдер санын пайдалануға мiндеттi.
      Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де мiндеттердi атқарады.
      3. Тасымалдаушының жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша:
      1) таксилердiң тұрағын, жолаушыларды отырғызу мен түсiру үшiн таксилердiң арнайы жабдықталған тұрақтарын пайдалануға;
      2) жол қозғалысы ережелерiнiң талаптарын сақтай отырып, жол желiсiнiң кез келген учаскелерiнде жолаушыларды отырғызуға және түсiруге құқығы бар.
      Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары бap.
      4. Жолаушыларды және багажды таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар таксилердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық, медициналық тексерiлуiн және олар жарамсыз болған жағдайда уақтылы ауыстырылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      5. Таксилердiң тиiмдi жұмыс iстеуi және жолаушы жиналатын барлық пункттерде (әуежай, вокзалдар, iрi сауда және мәдени орталықтары) жолаушылардың оларды пайдалануына қолайлы жағдай жасау үшiн облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына сәйкес такси тұрақтарын ұйымдастыруды және жабдықтауды қамтамасыз етедi.
      Ескерту. 26-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
      27-бап. Жалпы пайдаланудағы көлiкпен тасымалдау
               кезiнде жолаушылардың жекелеген санаттарына
               арналған басымдықтар
      1. Жолаушылардың жекелеген санаттары мынадай басымдықтарға ие:
      1) автобусқа, таксиге кезексiз отыру құқығы;
      2) автобус салонының алдыңғы бөлiгiнен арнаулы орын алу.
      Аталған басымдықтарды мүгедектер, зейнеткерлер, жүктi әйелдер, мектеп жасына дейiнгi балалары бар жолаушылар пайдаланады;
      3) кезексiз билеттер сатып алу құқығы бар.
      Аталған басымдықты Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар пайдаланады.
      2. Автовокзалдарда:
      1) 5 жасқа дейiнгi балалары бар жолаушыларға және жүктi әйелдерге қосымша қызмет көрсетуге арналған ана мен бала бөлмесi;
      2) мүгедек-жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған қондырғылар жасалады.
      3. Жалпы пайдаланудағы көлiк мүгедек жолаушылардың мiнiп-түсуiне арналған құрылғылармен жабдықталады.
      Мемлекеттiк органдар жолаушыларды тасымалдау бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар өткiзген кезде, мүгедектердiң пайдалануына бейiмделген көлiк құралдары бар жеке және заңды тұлғалар артықшылыққа ие болады.
      Ескерту. 27-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.04.13. N 40 Заңымен (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
      28-бап. Сот иесiз деп танығанға дейiн багажға
               билiк ету
      1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жолаушы немесе багажды алуға уәкiлеттi адам тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша багажды алмаған жағдайда, тасымалдаушы багажды сот иесiз деп танығанға дейiн межелi немесе жөнелту пунктiнiң автовокзалында немесе автостанциясында сақтауға мiндеттi.
      2. Сот багажды иесiз деп таныған жағдайда, багаждың жаңа иесi тасымалдаушыға оның сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi, оны сақтауға, тиеп-түсiру операцияларына және тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтейдi.
      29-бап. Жолаушыларды және багажды автомобиль
               көлiгiмен тасымалдау ережелерi
      Жолаушыларды және багажды автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiнде:
      1) жол жүру құжаттарының (билеттердiң), багаж түбiртектерiнiң нысаны, сатылу тәртiбi мен қолданылу мерзiмi;
      2) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру, жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарының ашылу және жабылу тәртiбi, тасымалдардың аталған түрлерiн орындау үшiн пайдаланылатын автобустардың, шағын автобустардың санитарлық жай-күйiне, сыртқы безендiрiлуiне және жабдықталуына қойылатын талаптар;
      3) жолаушыларды және багажды қалааралық облысiшiлiк, қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын автомобильмен тұрақты тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығына конкурстар ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi;
      4) маршрутқа қызмет көрсету құқығына куәлiк беру, тоқтата тұру және керi қайтарып алу тәртiбi мен шарттары, оны беруден бас тарту шарттары мен негiздерi, сондай-ақ нысаны;
      5) автовокзалдар мен автостанцияларға қойылатын талаптар, сондай-ақ олардың жұмыс iстеу тәртiбi;
      6) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
      7) тапсырыс берiлген автобустармен, шағын автобустармен және жеңiл автомобильдермен жолаушыларды және багажды тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
      8) жолаушыларды және багажды таксилермен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбi;
      9) багажды қабылдау, сақтау және беру тәртiбi;
      10) жол жүру құжаттарын (билеттерiн) және олардың құнын қайтару тәртiбi мен шарттары;
      11) қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын тұрақты және қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық және халықаралық тасымалдау маршруттарында жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн, сондай-ақ таксимен тасымалдау кезiнде жолаушыларды отырғызу және түсiру пункттерiн безендiру мен күтiп-ұстауға қойылатын талаптар;
      12) жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдау маршруттарында жүргiзушiлердi рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргiзу тәртiбi айқындалады.
4-тарау. Жүктерді және почтаны автомобильмен
тасымалдау
      30-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты
      1. Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi, тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелi пунктiне жеткiзуге және оны жүктi алуға уәкiлеттi адамға (жүк алушыға) бepугe мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүк тасымалдағаны үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.
      2. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартының жасалуы тауар-көлiк жүкқұжатының жасалуымен расталады.
      31-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдау шартын
               өзгерту және бұзу
      Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты өзгерген немесе бұзылған жағдайда тараптар, егер шартта өзгеше көзделмесе, шарт талаптары өзгергенге дейiн немесе бұзылғанға дейiн оны орындауға байланысты шығарған шығыстардың өтелуiн талап етуге құқылы.
      32-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты
               бойынша тасымалдаушының және жүк жөнелтушiнiң
               құқықтары мен мiндеттерi
      1. Тасымалдаушының жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
      1) өзiнiң сипаты, салмақ және көлем өлшемдерi бойынша тасымалдау құжаттарында көрсетiлген жүк туралы деректерге сәйкес келмейтiн жүктi автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға;
      2) егер жүктi одан әрi автомобильмен тасымалдау жүктi тасымалдау қауiпсiздiгiне және оның сақталуына қатер төндiрсе, жүктi түсiруге;
      3) егер шартта өзгеше көзделмесе, осы баптың 2-тармағының 1), 4) тармақшаларына сәйкес, жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн немесе олардың сақталуын қамтамасыз етуге байланысты шығарған шығындарын өтеуге;
      4) жүк жөнелтушi (жүк алушы) көрсеткен жаңа межелi пунктiне еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан жүктi жеткiзуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаудан бас тартуға және жүк жөнелтушiнi бұл туралы алдын ала хабардар етiп, жүктi оған қайтаруға құқығы бар; егер шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушының осыларға байланысты қосымша шығыстарын жүк жөнелтушi (жүк алушы) төлейдi.
      Тасымалдаушының Қазақстан Республикасының заңдарымен және шартпен белгiленген өзге де құқықтары бар.
      2. Тасымалдаушы жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
      1) жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiне және олардың сақталуына қатер төнгенi туралы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) дереу хабардар етуге, бұл орайда жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) алынған нұсқауларды сақтауға, сондай-ақ жүктердi тасымалдау қауiпсiздiгiн және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде өзi жүргiзген әрекеттер туралы дереу хабардар етуге;
      2) жүктi қабылдау кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатындағы жүк орындарының санына, олардың маркалануы мен нөмiрлерiне қатысты жазбалардың дәлме-дәлдiгiн, сондай-ақ жүктiң және оның орамасының сыртқы жай-күйiн тексеруге;
      3) автокөлiк құралына тиеудiң белгiленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауiпсiздiгiн және жүктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктiң салынуы мен бекiтiлуiн бақылауға;
      4) жүк алушы автомобильмен тасымалдаушыға қатысы жоқ себептермен жүктi алмаған жағдайда, жүктi межелi пунктiнде, келген күннен бастан отыз күн бойы, тез бүлiнетiн жүктi - төрт күн бойы сақтауға мiндеттi.
      Тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де мiндеттердi мойнына алады.
      3. Жүк жөнелтушiнiң жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
      1) мәлiмделген жүктi тасу үшiн тиеудiң алдында автокөлiк құралының жарамдылығын тексеруге;
      2) мәлiмделген жүктi тасу үшiн автокөлiк құралы жарамсыз болған жағдайда, тасымалдаушының қызметiнен бас тартуға құқығы бар.
      Жүк жөнелтушiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына және шартқа сәйкес өзге де құқықтары бар.
      4. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша:
      1) автокөлiк құралының келу және кету уақыты туралы жолпараққа белгi соғуға;
      2) автокөлiк құралының жарамсыздығы себептi тасымалдаушының қызметiнен бас тартқан жағдайда тиiстi акт жасауға;
      3) автокөлiк құралына жүк тиеу процесiнде Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген рұқсат етiлген салмақ пен көлем өлшемдерiнен асыруға жол бермеуге;
      4) тасымалдаушыға тауар-көлiк жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қажеттi жағдайларда, жүк тасымалы үшiн қажеттi өзге де құжаттарды (сертификат, лицензия, ветеринариялық құжаттар, кеден декларациясы) көрсетуге мiндеттi.
      33-бап. Автокөлiк құралдарын беру, жүктердi тиеу
               және түсiру
      1. Тасымалдаушы Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiне және шартқа сәйкес жүктердi автомобильмен тасымалдауға жарамды автокөлiк құралдарын автомобильмен жүк тасымалдауға қабылданған өтiнiмде (тапсырыста) немесе шартта белгiленген мерзiмде тиеу үшiн жүк жөнелтуге беруге мiндеттi.
      2. Жүктердi автокөлiк құралына тиеу (бекiту, жабу, байлау), сондай-ақ жүктердi түсiру Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде көзделген талаптар сақтала отырып, шартта көзделген тәртiп пен мерзiмдерде жүзеге асырылады.
      Тасымалдаушы не жүк жөнелтушi өзiнiң сипатына қарай автомобиль жолдарының ластануын туғызуы және жол қозғалысы қауiпсiздiгiне қатер төндiруi мүмкiн жүктердiң жабылуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      3. Жүк жөнелтушi автокөлiк құралдары жүк тиейтiн орынға келгенге дейiн жүктi автомобильмен тасымалдауға тиеу, тасымалдау қауiпсiздiгi, жүктiң және автокөлiк құралының сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
      34-бап. Жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер
      1. Жүк жөнелтушiнiң кiнәсiнен жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлер туындаған жағдайда, тасымалдаушы осындай кедергiлер туындаған сәттен бастап бiр тәулiктiң iшiнде бұдан әрi тасымалдау мүмкiн еместiгi туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етуге мiндеттi.
      2. Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
      3. Егер жүк жөнелтушi осы баптың 1-тармағына сәйкес тасымалдаушы хабардар еткен сәттен бастап үш тәулiк iшiнде (тез бүлiнетiн жүкке қатысты бiр тәулiк iшiнде) жүктi автомобильмен тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолданбаған жағдайда, автомобильмен тасымалдаушы үш тәулiк iшiнде жүктiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде келтiрiлген шығындарды ескере отырып, жүктi жүк жөнелтушiге соның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi белгiленген тәртiппен өткiзуге құқылы.
      35-бап. Жүктi беру
      1. Тасымалдаушының жауапкершiлiгiндегi жүктiң бүлiнуi немесе бұзылуы салдарынан оның сапасының және (немесе) санының соншалықты өзгеруiнен, жүктi тiкелей мақсатында толық немесе iшiнара пайдалану мүмкiн болмайтын жағдайда ғана жүк алушы жүктi қабылдаудан бас тартуы мүмкiн.
      2. Жүктердi қалааралық автомобильмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүктi жүк алушыға беру мүмкiн болмаған жағдайда, жүк жөнелтушi Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен тасымалдаушыға жүктi жаңа межелi пунктiне жеткiзу туралы нұсқау беруге мiндеттi.
      36-бап. Құндылығы жарияланған жүктердi
               автомобильмен тасымалдау
      1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiмен (жүк алушымен) келiсiм бойынша құндылығы жарияланған жүктер тасуы мүмкiн.
      2. Iлесусiз тасымалданатын бағалы металдарды (тастарды), олардан жасалған бұйымдарды, өнер заттарын, антикварлық мүлiктердi және өзге де көркем құндылықтарды, бейне- және дыбыс аппаратураларын, электрондық-есептеу және көбейту техникаларын, машиналардың тәжiрибелiк үлгiлерiн, жабдықтарды, аспаптарды, жеке (тұрмыстық) қажетке арналған жүктердi автомобильмен тасымалдаған кезде құндылықты жариялау мiндеттi.
      3. Құндылығы жарияланған жүктердi автомобильмен тасымалдау үшiн жүк жөнелтушiден (жүк алушыдан) қосымша ақы алынуы мүмкiн, оның мөлшерi жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тараптардың келiсiмiмен белгiленедi.
      37-бап. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдау
      1. Тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде олардың өзiндiк ерекшелiгiне байланысты техникалық құралдардың, құрылғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өрт шығуына немесе бүлiнуiне, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың өлiм-жiтiмiне, жарақат алуына және ауруына себеп болуы, қоршаған табиғи ортаға зиян келтiруi мүмкiн кез келген заттар, материалдар, бұйымдар, өндiрiс және өзге де қызмет қалдықтары қауiптi жүктер деп танылады.
      2. Қауiптi жүктердi автомобильмен тасымалдауға ұсынған кезде жүк жөнелтушi құжаттарда (тауар-көлiк жүкқұжатында, автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықта) осы жүктен туатын нақты қауiптi және қолданылуы тиiс сақтық шараларын көрсетуге мiндеттi.
      Автокөлiк құралының жүргiзушiсiне арналған жазбаша нұсқаулықтар автомобильмен тасымалдаушыға қауiптi жүктi автомобильмен тасымалдауға арналған тапсырыс түскеннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
      3. Қауiптi жүктердi тиеудi және түсiрудi осы жұмыстарды жүргiзуге рұқсаты бар (жiберiлген) жүк жөнелтушi, жүк алушы жүргiзедi.
      38-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi
               автомобильмен тасымалдау
      1. Автокөлiк құралының көлемiн және салмағын ескере отырып, автомобиль жолдарымен жүру үшiн автокөлiк құралдарына Қазақстан Республикасының аумағында белгiленген рұқсат етiлген көлем және салмақ өлшемдерiнен асатын жүктер iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктер деп танылады.
      2. Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi тасымалдау жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi автомобильмен тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
      3. Бөлiнбейтiн iрi көлемдi және ауыр салмақты жүктердi Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      39-бап. Почтаны автомобильмен тасымалдау
      1. Тасымалдаушылар почтаны автомобильмен тасымалдауды почта байланысы ұйымдарымен жасалған, почтаны автомобильмен тасымалдау шарты негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Почтаны тасымалдау үшiн әдейiлеп арналған автокөлiк құралы почтаны автомобильмен тасымалдау шартына сәйкес қатаң тiкелей мақсатында пайдаланылуға тиiс. Мұндай автокөлiк құралында почтаны автомобильмен тасымалдауға қатысы жоқ бөгде адамдарды тасымалдауға тыйым салынады.
      3. Почта байланысының жалпыға бiрдей қол жетiмдi қызметтерiн көрсететiн почта операторы көлiгiнiң автомобиль, темiр жол, су станциялары мен вокзалдарының, әуежайлардың аумағында орналасқан жүк және багаж кешендерiне өтуi почта жөнелтiмдерiн алмасу үшiн бiрiншi кезекте және ақысыз жүзеге асырылады.
      4. Егер почтаны автомобильмен тасымалдау шартында өзгеше белгiленбесе, почтаны тиеудi және түсiрудi, сондай-ақ оған iлесiп жүрудi және оның жүру жолында сақталуын почта байланысы ұйымдары қамтамасыз етедi. Егер шарт талаптарынан өзгеше жағдай туындамаса, почтаны автомобильмен тасымалдау кезiнде оның сақталуы мен тұтастығы үшiн почта байланысы ұйымы жауапты болады.
      40-бап. Тiкелей аралас қатынастағы жүк тасымалы
      Бiрыңғай көлiк құжаты (тiкелей аралас қатынас) бойынша әр түрлi көлiк түрлерiмен жүктердi тасымалдауға қатысушы тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да адамдардың қарым-қатынасы тiкелей аралас тасымалдар туралы Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен айқындалады.
      41-бап. Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау
               ережелерi
      Автомобиль көлiгiмен жүк тасымалдау ережелерi:
      1) жүктi жеткiзу мерзiмiн;
      2) жүктi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн;
      3) тауар-көлiк жүкқұжатының нысанын және оны қолдану тәртiбiн;
      4) жүк тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптарды;
      5) автомобильмен тасымалдауға жүктердi қабылдау, сондай-ақ жүктi межелi пунктiнде өңдеу, сақтау және беру тәртiбiн;
      6) тез бүлiнетiн жүктi өткiзу тәртiбiн;
      7) құндылығы жарияланған жүк тасымалдау тәртiбiн;
      8) жүктi маркалау тәртiбiн;
      9) жүктi пломбалау тәртiбiн;
      10) актiлер жасау тәртiбiн;
      11) жүктi тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртiбiн;
      12) жүктi ұстап қалу тәртiбiн;
      13) жүктiң жекелеген түрлерiн тасымалдау тәртiбiн айқындайды.
5-тарау. Халықаралық автомобиль тасымалдары
      42-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдарын
               мемлекеттiк реттеу
      1. Халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Автокөлiк құралдарының Қазақстан Республикасының аумағына кiру және оның аумағынан шығу, сондай-ақ олардың аумақ бойынша транзитпен жүру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      3. Халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат етiлген жүйесi қолданылатын елдерде халықаралық автомобиль тасымалдарын орындау уәкiлеттi орган беретiн рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
      Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес  уәкiлеттi органшет мемлекеттiң тасымалдаушыларына Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жол жүруге рұқсаттарды және Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына шет мемлекеттiң аумағы бойынша жол жүруге рұқсаттарды бередi.
      Егер халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаудың рұқсат ету жүйесi қолданылатын елдерге қатысты рұқсаттарға сұраныс Қазақстан Республикасының тасымалдаушыларына берiлетiн рұқсаттар санынан acca, онда рұқсаттар бiрiншi кезекте:
      1) гуманитарлық жүктердi автомобильмен тасымалдауға;
      2) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн жүктердi автомобильмен экспорттық тасымалдауға;
      3) көлiктiң басқа түрлерiнiң тасымалдаушыларымен бiрлесiп орындалатын автомобиль тасымалдарына;
      4) тез бүлiнетiн өнiмдердi автомобильмен тасымалдауға берiледi.
      4. Қазақстан Республикасы тасымалдаушыларының және шет мемлекет тасымалдаушыларының халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарын сақтауын бақылауды уәкiлеттi органның лауазымды адамдары жүзеге асырады.
      5. Шет мемлекет тасымалдаушылары Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын орындаған кезде пайдаланатын автокөлiк құралдарын уәкiлеттi органның лауазымды адамдары тексерiп қарауы мүмкiн.
      43-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен
               халықаралық тасымалдауды ұйымдастыру
               және жүзеге асыру
      1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты халықаралық тасымалдау уәкiлеттi орган мен шет мемлекеттiң тиiстi құзыреттi органы арасында автобустардың, шағын автобустардың келiсiлген маршруттары (бастапқы, соңғы және аялдау пункттерiн көрсете отырып) және қозғалыс кестесi бойынша ұйымдастырылады.
      2. Қазақстан Республикасының тасымалдаушылары жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты емес халықаралық тасымалдауды орындаған кезде автобус жүргiзушiлерiнде уәкiлеттi органның лауазымды адамдары куәландырған жолаушылар тiзiмi болуға тиiс.
      3. Қазақстан Республикасымен шет мемлекеттер арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасынан өткiзу пункттерi арқылы ғана жүзеге асырылады.
      44-бап. Шет мемлекет аумағында тiркелген автокөлiк
               құралдарын пайдаланып жолаушыларды, багажды,
               жүктердi автомобильмен тасымалдау
      Шет мемлекет аумағында тiркелген, соның iшiнде Қазақстан Республикасының аумағына уақытша әкелiнген, шет мемлекет тасымалдаушыларына тиесiлi автокөлiк құралдарымен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан пункттер арасында жолаушыларды, багажды, жүктi тасымалдау жөнiндегi кәсiпкерлiк қызметке тыйым салынады.
      45-бап. Халықаралық автомобиль тасымалдарын
               жүзеге асыру кезiнде тасымалдаушыларға,
               жүргiзушiлерге және автокөлiк құралдарына
               қойылатын талаптар
      1. Халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыратын тасымалдаушылар халықаралық талаптарға сай келетiн, өз мемлекетiнiң тiркеу және айырым белгiлерi бар автокөлiк құралдарын пайдалануға тиiс.
      Белгiленген талап тiркемелер мен жартылай тiркемелерге қолданылмайды.
      2. Халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде автокөлiк құралдарының жүргiзушiлерi Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарында белгiленген жүргiзушiлердiң еңбегi мен тынығуы режимiн сақтауға мiндеттi.
6-тарау. Автомобиль көлігіндегі жауапкершілік
      46-бап. Автокөлiк құралдарын жөнелтудi кiдiрткенi
               үшiн жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылардың
               жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша
               жауапкершiлiгi
      1. Тиеуге немесе түсiруге берiлген автокөлiк құралдарының келiсiлген мерзiмнен тыс бос тұрғаны үшiн жүк жөнелтушi немесе жүк алушы, егер кiдiру өздерiнiң кiнәсiнен болса, тасымалдаушыға тараптардың келiсiмiмен (шартымен) көзделген айыппұл төлейдi, ал аталған келiсiм болмаған жағдайда - бос тұрған әрбiр сағаты үшін:
      1) жүк көтергiштiгi төрт тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он екi процентi мөлшерiнде;
      2) жүк көтергiштiгi төрт тоннадан жетi тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он үш процентi мөлшерiнде;
      3) жүк көтергiштiгi жетi тоннадан он тоннаны қоса алғанға дейiнгi автокөлiк құралдары бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он төрт процентi мөлшерiнде;
      4) жүк көтергiштiгi он тоннадан астам автокөлiк құралы бос тұрған кезде - айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi мөлшерiнде төлейдi.
      2. Арнайы бейiмделген автокөлiк құралдарының бос тұруы кезiнде осы баптың 1-тармағында аталған айыппұл мөлшерi екi есе ұлғаяды.
      Аталған айыппұлды жүк жөнелтушi немесе жүк қабылдаушы, өздерiнiң кінәсінен автокөлiк құралдары тасымалдаушының көлік жайында немесе жол үстiнде тұрып қалғаны үшiн де төлейдi.
      3. Автокөлiк құралдарының тұрып қалғанына айыппұл есептеу үшiн тауар-көлiк жүкқұжатындағы және жолпарақтағы келу және кету уақыты туралы белгiлер, ал көлiкжайда тұрып қалғаны үшiн жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының жүктi жөнелтуден немесе қабылдаудан бас тартуы негiз болып табылады.
      4. Автомобиль тасымалдарына тыйым салынған жүктi немесе автомобиль тасымалдары кезiнде ерекше сақтық шараларын талап ететiн, атауы немесе өзiндiк ерекшелiгi толық көрсетiлмеген жүктi ұсынғаны үшiн, жүк жөнелтушi келтiрiлген шығындардан басқа, тасымалдаушыға шартта көрсетiлген тасымалдау ақысының бес есе мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      5. Жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылар жүктi тиеу және түсiру, дұрыс тиемеу, дұрыс буып-түймеу немесе дұрыс бекiтпеу кезiнде бұл операцияларды тасымалдаушы жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, автокөлiк құралдарына артық тиеу, олардың зақымдануы салдарынан тасымалдаушыға өздерiнiң кiнәсiнен келтiрген шығындарының орнын толтыруға мiндеттi.
      Тауар-көлiк жүкқұжатында кедендiк, санитарлық және басқа да ережелердi орындау үшiн қажет тиiстi құжаттар қоса берiлмеуi салдарынан автокөлiк құралдары мен контейнерлердiң кiдiртiлгенi үшiн жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдаушыға осы баптың 1 және 2-тармақтарында және осы Заңның 49-бабында белгiленген мөлшерде айыппұл төлейдi.
      47-бап. Жолаушыны және багажды жөнелтудiң
               кiдiртiлгенi немесе межелi пунктке
               кешiгiп жеткенi үшiн тасымалдаушының
               жауапкершiлiгi
      1. Тасымалдаушының кiнәсiнен жолаушы тасымалдайтын автокөлiк құралының кiдiргенi немесе мұндай автокөлiк құралының межелi пунктке (қалалық, қала маңындағы және елдi мекендердi: кенттердi, ауылдарды (селоларды) аудан немесе облыс орталықтарымен, республикалық маңызы бар қалалармен (астанамен) жалғастыратын қатынастар тасымалын қоспағанда) кешiккенi үшiн тасымалдаушы кешiккен әрбiр сағат үшiн жолаушыға жол жүру құжаты (билетi) құнының үш процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi, егер кiдiру немесе кешiгу еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, келтiрiлген зиянды да өтейдi. Бұл орайда айыппұл сомасы жолаушы сатып алған жол жүру құжатының (билетiнiң) құнынан аспауға тиiс.
      2. Жөнелтудiң кiдiртiлуiне байланысты жолаушы автомобиль тасымалынан бас тартқан жағдайда, тасымалдаушы жолаушыға жол жүру ақысын толық мөлшерде қайтаруға, сондай-ақ мұндай кiдiрiске байланысты оның шеккен шығындарын өтеуге мiндеттi.
      3. Тасымалдаушы багажды жеткiзу мерзiмiн кешiктiргенi үшiн багажды алушыға толық емес тәулiктi толық тәулiк деп есептей отырып, кешiктiрген әрбiр тәулiкке багажды автомобильмен тасымалдау төлемақысының он процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау ақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
      Багажды жеткiзу мерзiмiнiң өтуi багаж келуге тиiс күнтiзбелiк күнгi сағат жиырма төрттен бастап есептеледi. Багажды жеткiзу мерзiмiнiң өтiп кеткенi үшiн айыппұлды тасымалдаушы жолаушының талабы бойынша жасалған акт негiзiнде багажды беру кезiнде төлейдi.
      4. Тасымалдаушы багажды жөнелтушiден немесе алушыдан кiдiртуге байланысты туындайтын шығындарды, егер олар орын алған болса, өтеуге мiндеттi.
      5. Қалааралық облысiшiлiк, қалааралық облысаралық және халықаралық маршруттарда автобусты, шағын автобусты жөнелту тасымалдаушының кiнәсiнен он сағатқа және одан да көп уақытқа кешiктiрiлген жағдайда тасымалдаушы жолаушыларға өз есебiнен қонақ үйден орын алып беруге және тамақпен қамтамасыз етуге мiндеттi.
      6. Жолаушының сұрауы бойынша автомобиль тасымалы мерзiмiнiң кешiгуi немесе рейстiң тоқтатылуы туралы оған ресми құжат берiледi немесе жүру құжатында (билетте) белгi соғылады.
      7. Рейс тоқтатылған кезде, еңсерiлмейтiн күштiң әсер ету жағдайларын қоспағанда, тасымалдаушы жолаушының таңдауы бойынша жолаушыны жүру құжатында (билетiнде) көрсетiлген межелi пунктке дейiн жуық арада жүретiн рейспен жөнелтудi қамтамасыз етуге нeмece жолаушыға жол жүру құжатының (билеттiң) екi еселенген құнын қайтарып беруге мiндеттi.
      48-бап. Жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты
               бойынша автокөлiк құралдарының берiлмеуi
               және пайдаланылмауы үшiн жауапкершiлiк
      1. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы автокөлiк құралдарын жүктердi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде бермегенi үшiн, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автокөлiк құралын бермеген әрбiр жағдай үшiн, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      2. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы пайдаланылуы уақытша тариф бойынша төленетiн, автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын бермеген кезде, тасымалдаушы жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын ескере отырып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      3. Егер тараптардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүктердi автомобильмен тасымалдау шартында көзделген мөлшерде автокөлiк құралдарын толық немесе iшiнара пайдаланудан бас тартқан кезде, ол тасымалдаушыға автокөлiк құралын пайдаланудан бас тартқан әр жағдай үшiн он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде немесе жұмысы уақытша тариф бойынша төленетiн автокөлiк құралдарын пайдаланудан бас тартқан кезде, автомобильмен тасымалдау шартында көрсетiлген пайдалану уақытын негiзге алып, автокөлiк құралдарын пайдалану құнының қырық процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      49-бап. Контейнерлердiң берiлмегенi және
               пайдаланылмағаны үшiн жауапкершiлiк
      Тасымалдаушының контейнерлердi жүк жөнелтушiге бермегенi үшiн, ал жүк жөнелтушi контейнерлердi пайдаланбағаны үшiн тасымалдаушыға тараптардың келiсiмiнде көзделген мөлшерде, кiдiртiлген әрбiр сағат үшiн, ал аталған келiсiмдер болмаған жағдайда:
      1) жалпы салмағы бес тоннадан кем контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң он бес процентi;
      2) жалпы салмағы бес тоннадан он тоннаға дейiнгi контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң отыз процентi;
      3) жалпы салмағы он тоннадан асатын контейнер үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң алпыс процентi мөлшерiнде айыппұл төлейдi.
      50-бап. Жүк жөнелтушiнiң құжаттарды уақтылы
               бермегенi үшiн жауапкершiлiгi
      Жүк жөнелтушi жүктi автомобильмен тасымалдау үшiн қажеттi құжаттардың уақтылы берiлмеуi салдарынан келтiрiлген шығындар үшiн, сондай-ақ ол тауар-көлiк жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтердiң дұрыс еместiгi, дәл еместiгi немесе толық еместiгi үшiн тасымалдаушының алдында жауапты болады.
      51-бап. Тасымалдаушының жүктiң немесе багаждың
               жоғалғаны, жетiспегенi және зақымданғаны
               (бүлiнгенi) үшiн жауапкершiлiгi
      1. Тасымалдаушы жүктi немесе багажды тасымалдауға қабылдап алған кезден бастап - алушыға, оған уәкiлеттi адамға немесе багажды алуға уәкiлеттi адамға бергенге дейiн олардың сақталуын қамтамасыз етедi.
      2. Тасымалдаушы, егер жүктiң немесе багаждың жоғалғаны, жетiспегенi немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүктiң немесе багаждың жоғалғаны үшiн жауап бередi.
      3. Жүктi немесе багажды тасымалдау кезiнде келтiрiлген зиян Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде өтеледi.
      4. Тасымалдаушы анықталған зиянды өтеумен қоса жөнелтушiге (алушыға) жоғалған, жетiспеген, бүлiнген немесе бұзылған жүк пен багажды тасымалдағаны үшiн өндiрiп алынған тасымалдау төлемақысын, егер бұл ақы жүктiң құнына кiрмесе, қайтарады.
      52-бап. Жүктердi жеткiзу мерзiмдерiнiң
               бұзылғаны үшiн жауаптылық
      Жүктердi жеткiзу, оның iшiнде автомобиль жолдары бойынша жолдың бiр бөлiгiнде тiкелей аралас қатынаста жүктердi жеткiзу мерзiмдерiн бұзғаны үшiн тасымалдаушы, егер кешiктiру өзiнiң кiнәсiнен болмағанын дәлелдемесе, жүк жөнелтушiге (жүк алушыға) кешiктiрiлген әрбiр тәулiкке тасымалдау төлемақысының бес процентi мөлшерiнде, бiрақ тасымалдау төлемақысының елу процентiнен аспайтын мөлшерде айыппұл төлейдi.
      53-бап. Жауаптылықтан босату
      1. Тасымалдаушының кiнәсi дәлелденген жағдайларды қоспағанда, тасымалдаушы қол жүгi ретiнде жолаушы өзiмен бiрге алып жүрген багаждың сақталуына жауапты болмайды.
      2. Егер жүктi автомобильмен тасымалдау туралы шартта өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi, жүк алушы апат немесе еңсерiлмейтiн күш салдарынан тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайда жауаптылықтан босатылады.
      54-бап. Қазақстан Республикасының автомобиль
               көлiгi туралы заңдарын бұзғаны үшiн
               жауаптылық
      Қазақстан Республикасының автомобиль көлiгi туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      55-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
      Осы Заң 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 9-баптың 3) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасының
      Президенті